Қазақстанда кімді және нені фото мен видеоға түсіруге болады?

masa нұсқаулығы


20/01/2021
11:54 9696 0

Сауда орталығы, дүкен мен кафеде фото мен видео түсіруге бола ма?

Иә,  болады.

 

Бірақ олардың кейбірі жеке меншік болғандықтан, иесі фото мен видео түсіруге тыйым салуы мүмкін. Мұндайда камераны дереу алып тастаған жөн. 

 

Дегенмен де тауарлар мен олардың бағасын түсіруге құқыңыз бар. Олар — коммерциялық құпия емес.

 

Адамдарды түсіріп, суретін әлеуметтік желіге салуға бола ма?

Ол адамдар келісім берсе, иә, болады. 

 

Сіз фотоға түсірген адам қайтыс болып кетсе, суретін оның мұрагерлері келісім бергенде ғана жариялай аласыз.  

 

Егер сіз бір адамның суретін жарияласаңыз және бұл фото сол адамды кемсітсе, ұятқа қалдырса, ашуландырса, онда ол моральдық зиян келтіргеніңіз үшін сотқа жүгініп, сізден өтемақы талап ете алады. 

 

Көпшілік іс-шараларда адамдарды фото мен видеоға түсіруге болады. 

 

Ал полицейді түсіруге бола ма?

Иә, болады. Бұл полицей сіздің құқығыңызды бұзуы не өз өкілетін асыра пайдалануы мүмкін.  Мұны міндетті түрде видео/фотоға түсіріңіз. Бұл жазба кейін сотта дәлел бола алады. Бірақ фото/видеоға түсірем деп, полиция қызметіне кедергі келтірмеңіз. 

 

Полицейді жұмысы мен көпшілік іс-шаралардан тыс жерде түсіргіңіз келсе, әуелі өзінен рұқсат алуыңыз керек. 

  

Полицей «жоқ, түсіруге болмайды» деп жатса, себебін түсіндіруге тиіс.

 

Медицина қызметкерлерін түсіруге бола ма?

Егер медқызметкер де, әсіресе мемлекеттік емхана қызметкерлері құқығыңызды бұзып, сапасыз қызмет көрсетіп жатса, мұны видео мен фотоға түсіруге хақыңыз бар. 

 

Жеке клиникалар жеке меншік қой, олардың өз ережелері болуы мүмкін.

  

Медқызметкерді фотоға не видеоға түсіргенде кадрда науқас болмағаны маңызды, әйтпесе, дәрігер құпиясын жариялаған боласыз, ал бұл — құқық бұзу.

 

Музейде түсіруге бола ма?

Мақсатыңыз бұл суреттен пайда табу болмаса, иә, болады. Мысалы, естелік ретінде түсіріп алсаңыз болады. Басқа жағдайларда музей әкімшілігінің рұқсатын алу керек. 

Сонымен бірге музей басшылығы экспонаттарға зақым келмесін деп, жарқылмен фото түсіруге тыйым салуы мүмкін. 

 

Концерт пен театрда түсіруге бола ма?

Тек естелік ретінде түсірсеңіз, болады. Бірақ ол жазбаны интернетте жарияламаңыз. Әйтпесе, автор құқығын бұзасыз. 

 

Ал жасырын камерамен түсіруге бола ма?

Жоқ, болмайды. Мұндай техниканы заңсыз қолдану, өндіру, сатып алу, сату — қылмыс. Жазасы — 2 мың АЕК (2021 жылы бұл — 5,8 миллион теңге) айыппұл не бас бостандығын екі жылға дейін шектеу. 

 

Метро, автобус, троллейбуста түсіруге бола ма?

Метрода басшылықтың жазбаша рұқсатынсыз фото не видеоға түсіруге тыйым салынған. 

Ал автобус, троллейбус пен басқа қоғамдық көлікте түсіруге болады. Бірақ бір нәрсе түсірем деп, жүргізушіге кедергі келтірмеңіз, назарын алмаңыз. 

 

 

Мына жерлерде де түсіруге болмайды:

 

  • Түзеу мекемелері және тергеу изоляторлары. Бірақ әкімшісі рұқсатын беріп жатса, болады. 
  • Сотталғандарды да тек олардың келісімімен түсіру қажет.
  • Сот отырысын тек судья келісім бергенде ғана түсіруге болады.
  • Күзетілетін нысандар: президент резиденциясы, әскери бөлімдер, мемлекеттік банктер, ғарыш инфрақұрылымы нысандары.

 


 

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Поделиться

Нет комментариев.

20/01/2021 11:54
9696 0

Уведомление